Басты бет
·
АО-2026

Қазақстандық мерген Ислам Сәтпаев Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Нургали Жумагазы

Фото: Нургали Жумагазы

Ислам Сәтпаев Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір медаль салды. Мерген 50 метр қашықтықтан үш қалыпта винтовка атудан жекелей сында үшінші орын алды.

Финалда Сәтпаев 348,3 ұпай жинап, қола медаль иеленді. Қазақстандық спортшы іріктеу кезеңінде 584 ұпай жинап, шешуші кезеңге жолдама алған еді. Ал алғашқы екі орынды Қытай өкілдері иеленді.

Айта кетейік, Сәтпаев — 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері. Париж Олимпиадасында ол Александра Ле екеуі 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовка атудан аралас жұптық сында үшінші орын алған. Қазақстандық жұп қола жүлде үшін өткен бәсекеде Германия құрамасын 17:5 есебімен жеңді.

Қазіргі Азия ойындарында Сәтпаев бұған дейін пневматикалық винтовкадан екі дисциплинада өнер көрсетті. 10 метрге жекелей іріктеу кезеңінде 24-орын алса, Александра Ле екеуі аралас жұптық сында алтыншы орынға тұрақтап, финалдық кезеңге өте алмады.

Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.