Қазақстандық мергендер Шымкенттегі Гран-при турнирінде төрт медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы Шымкентте өтіп жатқан оқ ату және стенд атудан халықаралық Гран-при турнирінде екі алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленді.
Ұлттық құрамаға алғашқы алтын медальді Кирилл Цуканов сыйлады. Ол ерлер арасында 10 метр қашықтықтан пневматикалық тапаншамен нысана көздеуден финалда 244,4 ұпай жинап, бірінші орын алды.
Әйелдер арасындағы дәл осы сайыста Ирина Юнусметова жеңіске жетті. Қазақстандық спортшы финалда 242,5 ұпай жинап, 237,3 ұпаймен екінші орын алған сингапурлық Те Сю Иден басым түсті.
Қазақстандық мергендер жасөспірімдер арасындағы жарыста тағы екі медаль жеңіп алды. 10 метр қашықтықтан пневматикалық тапаншамен нысана көздеуден Алисса Краденова 232,1 ұпай жинап, күміс медаль иеленді.
Ал ұлдар арасында Руслан Ершов қола жүлдегер атанды. Ол финалда 213,9 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады.
Айта кетейік, Шымкентте өтіп жатқан халықаралық Гран-при турнирі Владимир Почиваловты еске алуға арналған. Биыл жарыс 35-рет ұйымдастырылып отыр. Турнирге 14 елден 221 спортшы қатысуда. Жарыс 28 қазанға дейін жалғасады.