Қазақстандық садақшылар Түркиядағы әлем кубогы кезеңінің үшінші айналымына өтті

Бегасыл Амирбай ··
Фото: ҚР ҰОК

Фото: ҚР ҰОК

Анталия қаласында садақ атудан әлем кубогының үшінші кезеңі басталды. Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасының үш өкілі келесі кезеңге жолдама алды.

Турнирде блокты садақ атудан алғашқы жарыстар өтті. Нәтижесінде Мұса Ділмұхамет, Виктория Лян және Диана Юнусова жүлде үшін күресті жалғастыратын болды.

1/16 финалда Мұса Ділмұхамет Нидерланд спортшысы Майк Схлуссермен кездеседі. Ал Виктория Лян Германия өкілі Катарина Раабқа қарсы сынға түседі. Диана Юнусова болса, 1/8 финалға шығу үшін Ұлыбритания спортшысы Элла Гибсонмен бақ сынасады.

Сондай-ақ 10 маусым күні Түркиядағы әлем кубогы кезеңінде классикалық садақ атудан жарыстар басталады. Бұл сында да Қазақстан құрамасының спортшылары өнер көрсетеді.