Қазақстандық таеквондошы Оңтүстік Кореяда қола медаль жеңіп алды

Фото: ҚР ҰОК
Қазақстан құрамасының өкілі Айдана Құмартаева Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында өткен таеквондодан әлемдік Гран-при сериясының кезеңінде қола жүлдегер атанды.
Қазақстандық спортшы 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырына көтерілді. Алғашқы жекпе-жегінде Құмартаева Германия өкілі Супхарада Атеслиді 2:0 есебімен жеңді. Одан кейін Коста-Рика спортшысы Джейси Бассетті де 2:0 есебімен ұтты.
Ширек финалда қазақстандық таеквондошы франциялық Мах Тенинбой Фофанамен кездесті. Құмартаева 2:0 есебімен жеңіске жетіп, Гран-при кезеңінің жүлдесін қамтамасыз етті.
Жартылай финалда оның қарсыласы әлемнің қазіргі чемпионы, Қытай Тайбэйінің өкілі Лю Ю-юн болды. Жекпе-жек Құмартаеваның 0:2 есебімен жеңілуімен аяқталды.
Айта кетейік, бұған дейін Құмартаева 2025 жылғы әлем чемпионатында 46 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанған.