Қазақстандық теннисшілер Азия-2026 ойындарының плей-офф кезеңіне шықты

Фото: Арлан Олжабай
Қазақстанның үстел теннисінен әйелдер құрамасы Аичи мен Нагояда өтіп жатқан Азия ойындарында медаль үшін күресін жалғастырады.
С тобының соңғы матчында қазақстандықтар Мальдив құрамасын 3:1 есебімен жеңді. Зауреш Акашева екі жеке кездесуде жеңіске жетсе, Сарвиноз Миркадирова тағы бір жеңіске қол жеткізді. Матчқа Жанерке Қошқымбаева да қатысты.
Қазақстан топтық кезеңді бір жеңіс және бір жеңіліспен аяқтады. Алғашқы кездесуде команда Оңтүстік Кореядан 0:3 есебімен жеңілген еді. Мальдивті жеңу қазақстандықтарға топта екінші орын алып, плей-оффқа шығуға мүмкіндік берді.
Миркадирова бұл ойындарда Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы да болды. Ашылу салтанатында ол мемлекеттік туды дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметовпен бірге алып шықты.
Еске салайық, XX жазғы Азия ойындары Аичи-Нагояда 4 қазанға дейін жалғасады.