Қазақстандық триатлоншылар Азия ойындарындағы эстафетада жетінші орын алды

Фото: Сали Сабиров
Қазақстанның триатлоннан құрама командасы 2026 жылғы Азия ойындарындағы аралас эстафетаны жетінші орында аяқтады.
Ұлттық құрама сапында Аян Бейсенбаев, Аида Ким, Диана Ержанова және Егор Крупяков өнер көрсетті. Қазақстандықтар қашықтықты 1:31:45 уақытта еңсерді.
Айта кетейік, жарыста Қытай құрамасы (1:25:54) жеңіске жетті. Күмісті Жапония (1:26:45), қоланы Гонконг (1:27:25) иеленді. Жарыс Гамагоори қаласында өтті. Эстафетаның әр қатысушысы 300 метр жүзу, 6,6 шақырым веложарыс және екі шақырым жүгіру кезеңдерін өтуі керек болды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан құрамасының тағы бір триатлоншысы Арлан Жанабай ерлер арасындағы жеке жарыста 53:11 нәтижесімен қола медаль жеңіп алған еді. XX жазғы Азия ойындары Аичи-Нагояда 4 қазанға дейін жалғасады.