Басты бет
·
Теннис

Қазақстандық теннисшілердің WTA рейтингіндегі орындары белгілі болды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Қазақстандық теннисшілер әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) жаңартылған рейтингіндегі орындарын білді.

Елена Рыбакина әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Оның еншісінде 9901 ұпай бар. Екінші орында Арина Соболенко (7875), үшінші орында Джессика Пегула (7265). Одан кейін Кори Гауфф (7244) пен Мирра Андреева (5841) орналасқан.

Еске салайық, Рыбакина US Open-2026 турнирінен кейін мансабында алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Нью-Йоркте қазақстандық теннисші US Open турниріндегі алғашқы чемпиондығын және мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға» титулын жеңіп алды.

Қазақстандық басқа теннисшілер арасында Юлия Путинцева үш саты төмендеп, 82-орынға жайғасты. Соня Жиенбаева жеті орынға төмендеп, 391-сатыға түсті. Жібек Құламбаева тоғыз позицияға төмендеп, 117 ұпаймен 484-орында тұр.

Асылжан Арыстанбекова 58 ұпаймен 696-орында болса, Аружан Сағандықова 17 сатыға көтеріліп, 58 ұпаймен 697-орынға жайғасты. Екатерина Дмитриченко бірден 158 орынға жоғарылап, 30 ұпаймен 913-сатыға көтерілді.

Айта кетейік, осы аптада Рыбакина Бейжіңде өтетін WTA-1000 турниріне қатысады. Бұл оның US Open-дегі жеңісінен кейінгі алғашқы жарысы болмақ.

Қазақстандық теннисшілердің WTA рейтингіндегі орындары белгілі болды – sport-hub