Қазақстандық төреші «Барселона» қатысатын Чемпиондар лигасының матчына тағайындалды

ҚФФ
Қазақстандық Наргис Магау әйелдер арасындағы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда өтетін «ХБ Кеге» (Дания) мен «Барселона» (Испания) арасындағы матчтың төрешілер бригадасына енді.
Кездесу 29 қазанда Дания клубының алаңында өтеді. Наргис Магау бас төрешінің көмекшілерінің бірі міндетін атқарады.
Матчты Беларусь өкілі Волга Блоцкая бастаған халықаралық төрешілер бригадасы басқарады. Қазақстандық төрешімен бірге алаң жиегінде Солтүстік Ирландия өкілі Рэйчел Грир жұмыс істейді. Төртінші төреші болып сербиялық Марина Живкович тағайындалған.
Наргис Магау үшін бұл күздегі алғашқы халықаралық тағайындау емес. Қыркүйек айында ол әйелдер арасындағы УЕФА Кубогының екінші іріктеу кезеңінде өткен Беларусьтің «Минск» пен Түркияның «Фенербахче» командалары арасындағы матчты басқаруға қатысқан.
«Барселона» турнирді екі жеңіспен бастады. Каталониялық клуб Италияның «Ромасын» 6:0 есебімен ойсырата жеңсе, Францияның «Париж» командасынан 5:2 есебімен басым түсті.
Ал Даниялық ұжым алғашқы турда Англияның «Арсеналына» 0:1 есебімен есе жібергенімен, кейін Швейцарияның «Серветт» командасын 5:1 есебімен сенімді түрде жеңді.