Басты бет
·
АО-2026

Қазақстандықтар дзюдодан Азия ойындарының жартылай финалына шықты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Сали Сабиров

Фото: Сали Сабиров

Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында дзюдодан Қазақстан құрамасының үш өкілі жартылай финалға жолдама алды.

Олимпиада чемпионы Елдос Сметов 60 келіге дейінгі салмақта моңғолиялық Ариунболд Энхтайванды бір минут ішінде иппонмен жеңді. Қазақстандық дзюдошы келесі кезеңде Қытай Тайбэйінің өкілі Ян Юн Вэймен кездеседі.

2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев 66 келіге дейінгі салмақта Бахрейн атынан сынға түскен Сухроб Бокиевпен белдесті. Негізгі уақытта спортшылардың ешқайсысы ұпай жинай алмады. Ал «алтын ұпай» кезеңінде Қырғызбаев юко әдісімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты. Енді ол моңғолиялық Йолк Казирбекпен кездеседі.

48 келіге дейінгі салмақта Әбиба Әбужақынова үндістандық Асмита Дейді иппонмен жеңіп, жартылай финалға өтті. Оның келесі қарсыласы — Қытай Тайбэйінің өкілі Лин Чэнь-Хао.

Ал 52 келіге дейінгі салмақта Меруерт Сәрсенова ширек финалда өзбекстандық Сита Қадамбоевадан жеңілді. Қазақстандық дзюдошы жұбаныш белдесуінде Тәжікстан өкілі Мадина Құрбонзодаға қарсы шығады. Жеңіске жетсе, қола медаль үшін белдесуге мүмкіндік алады.

Айта кетейік, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.