Қазақстандықтар Гонконгтағы семсерлесуден әлем чемпионатының 1/32 финалына шықты

Фото: kazfencing
Қазақстан құрамасының өкілдері Гонконгта өтіп жатқан семсерлесуден әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, ерлер арасындағы шпагада және әйелдер арасындағы семсерде 1/32 финалға жолдама алды.
Ерлер шпагасында іріктеуден Кирилл Проходов пен Вадим Шарлаимов өтті. Проходов 1/128 финалда өзбекстандық Джавохирбек Нурматовты (9:8) жеңіп, кездесу барысында 0:3 есебімен ұтылып жатқан. Кейін ол мысырлық Махмуд Эльсайедтен (15:9) басым түсті. Ал Шарлаимов үндістандық Шорью Ашвиниді (15:7) жеңгеннен кейін, тартысты кездесуде швециялық Кристофер Келлиді 11:10 есебімен ұтты.
Ерлік Сертай топтық кезеңді жеңіліссіз аяқтап, бірден 1/32 финалға өтті. Ал Руслан Курбанов FIE әлемдік рейтингіндегі алтыншы орнының арқасында плей-оффтың негізгі кезеңіне автоматты түрде жолдама алды.
Әйелдер арасындағы семсерде 1/32 финалда Карина Доспай, Айгерім Сарыбай және Анастасия Гулик өнер көрсетеді.
Ерлер шпагасы мен әйелдер семсеріндегі 1/32 финал жекпе-жектері 26 шілдеде өтеді. Ал Гонконгтағы семсерлесуден әлем чемпионаты 30 шілдеде аяқталады.