Қазақстандықтар семсерлесуден әлем чемпионатының негізгі кезеңіне шықты

Фото: ДРС
Гонконгта өтіп жатқан семсерлесуден әлем чемпионатының іріктеу қорытындысы бойынша Қазақстанның төрт спортшысы жекелей сында негізгі кезеңге жолдама алды.
Ерлер арасындағы қылыш сайысында Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінен сәтті өтті. Назарбай Саттархан, Қуаныш Ергашбай және Артём Саркисян 1/64 финалдағы жекпе-жектерінде жеңіске жетіп, турнирдің негізгі кезеңіне өтті.
1/32 финалға шығу үшін өткен кездесулерде Саттархан канадалық Эндрю Вейді 15:11 есебімен жеңді. Ергашбай дәл осындай есеппен аргентиналық Марк Трухмановтан басым түсті. Ал Саркисян қазақстандық қарсыласы Нурмахаммед Жангылышбайды 15:14 есебімен ұтты.
Әйелдер арасындағы рапира сайысында 19 жастағы София Актаева негізгі кезеңге жолдама алды. Қазақстандық спортшы Ұлыбритания өкілі Кэйти Кастильо-Бернаусты 15:8 есебімен жеңіп, 1/32 финалға шықты.
25 шілде күні әлем чемпионатында ерлер рапирасы мен әйелдер шпагасы бойынша жүлделер сарапқа салынады. Әйелдер шпагасы турнирінде Қазақстан атынан Ирина Бакалдина мен София Николайчук өнер көрсетеді.