Құламбаева мен Жиенбаева Азиададағы жұптық сынды жеңіспен бастады

Фото: Никита Басов
Қазақстандық теннисшілер Жібек Құламбаева мен Соня Жиенбаева 2026 жылғы Азия ойындарында әйелдер арасындағы жұптық жарысты сәтті бастады.
Бірінші айналымда қазақстандықтар Тәжікстан өкілдері Сумайя Тухтаева мен Аниса Яхъяевадан 32 минутта 6:0, 6:0 есебімен басым түсті.
Матч барысында Қазақстан теннисшілері екі эйс жасап, екі рет қосарланған қателік жіберді. Өз доп беруінде бірде-бір гейм ұттырмай, қабылдаудағы сегіз брейк-пойнттың бесеуін тиімді пайдаланды.
Бұл теннисшілердің Азиададағы алғашқы жеңісі емес. Соня Жиенбаева бұған дейін жекелей сында Гонконг өкілін 6:1, 7:5 есебімен жеңіп, екінші айналымға өтті. Ал Жібек Құламбаева Бейбіт Жұқаевпен аралас жұпта өнер көрсетіп, пәкістандық Ушна Сухаил мен Акил Ханды 6:2, 6:1 есебімен ұтқан.