Рангник Австрияның Аргентинаны жеңе алатынына сенімді

Фото: OFB
Австрия құрамасының бас бапкері Рангник 2026 жылғы әлем чемпионатының екінші турында Аргентинаға қарсы өтетін матч алдында өз ойымен бөлісті.
Маман өз командасының қазіргі әлем чемпиондарын жеңуге қауқарлы екенін айтты.
«Көп ақша ұтқысы келетіндер букмекерлік кеңсеге барып, Австрияның жеңісіне бәс тіксін. Біз үшін тіпті тең нәтиженің өзі тосынсый болар еді, жеңіс туралы айтпағанда. Бірақ мен мұны мүмкін нәрсе деп санаймын. Біздің стратегиямыз, ойын мәнеріміз, сондай-ақ қажетті энергия мен батылдықтың арқасында матч тағдырын өз пайдамызға шешуге мүмкіндігіміз бар. Олардың құрамында тарихтағы ең үздік футболшы бар, бірақ Аргентина тек Лионель Мессиден ғана тұрмайды. Әр позицияда жоғары деңгейдегі ойыншылар өнер көрсетеді», – деді Рангник Sport1.de басылымына берген сұхбатында.
Еске салайық, Аргентина мен Австрия арасындағы матч 22 маусым күні өтіп, Қазақстан уақытымен 22:00-де басталады.
Бірінші турдан кейін Аргентина мен Австрия үш ұпайдан жинап, J тобында көш бастап тұр. Ал Иордания мен Алжир әзірге ұпай еншілей алған жоқ.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты 12 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтуде.