Роберто Мартинес Нидерланд құрамасын басқаруы мүмкін

Бекарыс Әлімхан··
Фото: FPF

Фото: FPF

Португалия құрамасының бұрынғы бас бапкері Роберто Мартинес мансабын Нидерланд ұлттық құрамасының тізгінін ұстау арқылы жалғастыруы мүмкін. Нидерланд футбол федерациясы испаниялық маманмен келіссөз жүргізді.

De Telegraaf мәліметінше, Нидерланд футбол федерациясының директоры Найджел де Йонг Малагада Мартинеспен кездескен. Тараптар 53 жастағы маманды ұлттық құраманың бас бапкері етіп тағайындау мүмкіндігін талқылаған.

Нидерланд құрамасы Рональд Куман қызметінен кеткеннен кейін бас бапкерсіз қалды. Куман 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін қызметін босатқан.

Мартинес әлем чемпионатында Португалия құрамасын басқарды. Команда 1/8 финалға дейін жетіп, кейін әлем чемпионы атанған Испаниядан 0:1 есебімен жеңілді. Турнир аяқталған соң испаниялық маман Португалия құрамасындағы қызметінен кетті.

Португалиядан бұрын Мартинес алты жыл бойы Бельгия құрамасын жаттықтырды. Оның жетекшілігімен бельгиялықтар 2018 жылғы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды.

Клубтық деңгейде испаниялық маман бұған дейін «Суонси», «Уиган» және «Эвертон» командаларын басқарған.