Ромащенко «Тобылдың» «Партизанға» қарсы матч алдындағы мүмкіндігін бағалады

Бекарыс Әлімхан··
«Тобыл» ФК

«Тобыл» ФК

Қостанайлық «Тобылдың» бас бапкері Мирослав Ромащенко УЕФА Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі сербиялық «Партизанға» қарсы алдағы алғашқы матч туралы пікір білдірді.

Маманның айтуынша, қазақстандық команданы Сербияның ең мықты клубтарының біріне қарсы күрделі сынақ күтіп тұр.

«Өте қиын матч күтіп тұр деп ойлаймыз. Қарсыластың соңғы ойындарын талдап шықтық. Айта кету керек, бұл өте күрделі команда, құрамында әлеуеті жоғары, жеке шеберлігі мықты шабуылшы ойыншылар тобы бар. Команда өте жылдам, шабуылда жақсы ойнайды. Алдағы ойында мүлде басқа қарқын, басқа интенсив күтіп тұрғанын жақсы түсінеміз. Бұл кездесуде бәсекеге қабілетті болу үшін біз соған сай деңгей көрсетуіміз керек», – деді Ромащенко.

УЕФА Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі «Партизан» мен «Тобыл» арасындағы алғашқы матч 6-нан 7 тамызға қараған түні Белградта өтеді. Ойынның басталуы Қазақстан уақытымен 00:00-ге жоспарланған. Қарымта кездесу 13 тамыз күні Қостанайда өтеді.