Рыбакинаның US Open жартылай финалында Кори Гауффты жеңген ойынына шолу

Бекарыс Әлімхан··
Фото: x_@usopen

Фото: x_@usopen

Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA рейтингінде төртінші орында тұрған Кори Гауффты жеңіп, US Open-2026 турнирінің финалына жолдама алды.

Матч 3:6, 6:4, 6:4 есебімен аяқталды. Қазақстандық теннисші бес эйс жасап, доп беру кезінде екі рет қателесті және брейк жасауға берілген алты мүмкіндіктің төртеуін пайдаланды. Ал Гауфф төрт эйс орындап, төрт рет қосарланған қателік жіберді және бес брейк-пойнттың үшеуін жүзеге асырды.

Жартылай финалға дейін Рыбакина Тея Фродинді (6:3, 6:2), Джессика Боусас Манейроны (6:2, 6:4), Юлия Стародубцеваны (7:6 (8:6), 6:3), Наоми Осаканы (6:1, 6:4), сондай-ақ Чжэн Циньвэньді (3:6, 6:1, 6:4) жеңді.

Айта кетейік, Рыбакина мен Гауфф төртінші рет өзара кездесті. 2022 жылы Торонтодағы турнирде америкалық теннисші жеңіске жетсе, 2025 жылы United Cup додасында да қазақстандық спортшыдан басым түсті. Ал тамыз айында Рыбакина Торонтодағы турнирдің жартылай финалында қарсыласынан реванш алды. Нью-Йорктегі матчтан кейін теннисшілердің өзара кездесулеріндегі есеп теңесті — 2:2.

Финалда Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкомен кездеседі. Беларусь спортшысы жартылай финалда Джессика Пегуланы 7:5, 6:2 есебімен жеңді. Алдағы матч Australian Open-2026 финалының қайталануы болмақ. Ол кездесуде қазақстандық теннисші жеңіске жеткен еді. Жалпы, Рыбакина мен Соболенко 17 рет кездескен. Оның 10-ында Соболенко жеңіске жетіп, өзара кездесулерде басымдық танытып отыр.

Рыбакинаның US Open жартылай финалында Кори Гауффты жеңген ойынына шолу – sport-hub