«Семей» клубының бас бапкері болып испаниялық маман тағайындалды

Бегасыл Амирбай ··
«Семей» ФК

«Семей» ФК

«Семей» футзал клубы Серджи Альтисенттің бас бапкер қызметіне тағайындалғанын ресми түрде жариялады. Испаниялық маманмен жасалған келісімшарт 2026/27 жылғы маусымның соңына дейін есептелген.

33 жастағы Серджи Альтисент өткен маусымның алдында «Семейдің» жаттықтырушылар штабына қосылып, Аслан Смақовтың көмекшісі қызметін атқарды.

Команда УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалынан шығып қалғаннан кейін Смақов бас бапкерлік қызметінен кетті. Осыдан соң Альтисент бас бапкердің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалған еді. Енді клуб басшылығы оны бұл қызметке тұрақты түрде бекітті.

Өткен маусымның қорытындысы бойынша «Семей» Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Финалдық серияда команда алматылық «Қайраттан» 2:3 есебімен жеңіліп қалды.

Бұған дейін «Семей» УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі қарсыластарын анықтаған болатын. Жеребе қорытындысы бойынша қазақстандық клуб бір топта Испанияның «Барселона», Словакияның «Лученец» және Швейцарияның «Минерва» клубтарымен кездеседі.

Топтық кезең матчтары 27 қазан мен 1 қараша аралығында Словакияда өтеді. Сәтті өнер көрсеткен жағдайда «Семей» плей-офф кезеңіне жолдама алып, жүлде үшін күресті жалғастырады.