Сенегал мен Сауд Арабиясы 2026-ӘЧ қарсаңындағы жолдастық матчта жеңімпазды анықтай алмады

Фото: Reuters
Сенегал және Сауд Арабиясы құрамалары 2026 жылғы әлем чемпионатына дайындық аясында өткен жолдастық кездесуде тең тарқасты.
АҚШ-тың Сан-Антонио қаласындағы «Тойота Филд» стадионында өткен матч 0:0 есебімен аяқталды. Екі команда да бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Кездесудегі маңызды сәттердің бірі 84-минутта тіркелді. Сенегал құрамасы мен «Бавария» клубының шабуылшысы Николас Джексон қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Соның салдарынан ол матчты соңына дейін жалғастыра алмады.
Бұл кездесу екі құрама үшін де АҚШ, Канада және Мексикада өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатына дайындықтың бір бөлігі болды.
Турнирдің топтық кезеңінде Сенегал құрамасы I тобында Франция, Норвегия және Ирак құрамаларымен күш сынасады.
Ал Сауд Арабиясы H тобында Испания, Уругвай және Кабо-Верде құрамаларына қарсы ойнайды.