Сергей Трикоз Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері атанды

Бегасыл Амирбай ··
Фото: «Атырау» ВК

Фото: «Атырау» ВК

Волейболдан Қазақстан ерлер құрамасының жаңа бас бапкері тағайындалды. Ұлттық команданы ресми түрде Сергей Трикоз тізгіндеді.

Белгілі маман бұған дейін қазақстандық «Атырау» және «Ақтөбе» клубтарында қызмет атқарған. Сондай-ақ Қазақстанның 21 жасқа дейінгі жастар құрамасын жаттықтырған.

Қазақстан волейбол федерациясы бапкердің тәжірибесі құраманың дамуына көмектесеріне сенім білдірді.

«Тәжірибелі маманның білімі мен кәсібилігі ұлттық құраманың дамуына үлкен әсер етеді деп есептейміз. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілейміз!» — делінген ҚВФ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сергей Трикоз бас бапкер қызметінде Виктор Козиктің орнын басты.