Суарестің голы «Интер Майамиге» жеңіс әкелмеді

«Интер Майами» ФК
«Интер Майами» АҚШ-тың МЛС чемпионатында «Цинциннатимен» 2:2 есебімен тең түсті. Луис Суарес гол соққанымен, алаң иелері жеңіске жете алмады.
Кездесу 29 қазанға қараған түні Майамиде өтті. Бірінші таймда командалар есеп аша алмады. Ал 61-минутта уругвайлық шабуылшы Луис Суарес Каземироның пасынан кейін гол соғып, алаң иелерін алға шығарды.
Алайда матчтың соңғы бөлігінде қонақтар таразы басын өздеріне аударды. 80-минутта Кенджи Мбома Дем Эвандердің пасын голға айналдырса, 86-минутта Сэмуэл Джиди «Цинциннатиді» алға шығарды. Бұл голға Том Барлоу нәтижелі пас берді.
90-минутта бразилиялық шабуылшы Рикельме Филлипи Родриго Де Паульдің пасынан кейін есепті теңестіріп, «Интер Майамиді» жеңілістен құтқарды.
Команда капитаны Лионель Месси негізгі құрамда алаңға шығып, толық 90 минут ойнады. Бірақ нәтижелі әрекетімен көзге түсе алмады.
Осы кездесуден кейін «Интер Майами» 56 ұпаймен Шығыс конференциясында үшінші орында тұр. Ал «Цинциннати» 43 ұпаймен сегізінші сатыда келеді.
Келесі турда Мессидің командасы 2 қарашада сырт алаңда «Нью-Инглэнд Революшнмен» кездеседі. Ал «Цинциннати» 1 қарашада «Филадельфия Юнионды» қабылдайды.