Басты бет
·
Бокс

Сұлтан Заурбек IBF рейтингінде бірінші орынға көтерілді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: x_@ATokkers5

Фото: x_@ATokkers5

Қазақстандық боксшы Сұлтан Заурбек (21-0, 13 KO) Халықаралық бокс федерациясының (IBF) екінші жеңіл салмақтағы жаңартылған рейтингінде бірінші орынға шықты.

Заурбек австралиялық Джексон Инглендті (19-4, 10 KO) жеңгеннен кейін рейтингтің үшінші сатысынан көш бастады. IBF екінші орынды бос қалдырды. Үшінші орында пуэрторикалық Генри Леброн тұр.

Заурбек пен Ингленд арасындағы жекпе-жек 26 қыркүйекте Аустралияда өтті. Қазақстандық боксшы төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. 12 раундқа созылған кездесу IBF тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуге міндетті үміткер атану құқығына таласатын іріктеу жекпе-жегі мәртебесіне ие болды.

Қазіргі уақытта IBF чемпионы – мексикалық Эмануэль Наваррете (40-2-1, 33 KO). Ол WBO тұжырымы бойынша да чемпиондық белбеуге ие. Наваррете 28 ақпанда Эдуардо Нуньесті 11-раундта техникалық нокаутпен жеңіп, IBF чемпионы атанған еді.