Басты бет
·
Теннис

Таунсенд пен Синякова жұбы WTA қорытынды турнирінің чемпионы атанды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Америкалық Тейлор Таунсенд пен чехиялық Катержина Синякова жұптық сында алғаш рет бірге WTA қорытынды турнирінің жеңімпазы атанды.

Индиан-Уэллс (АҚШ). WTA-2026 қорытынды турнирі. Финал

Тейлор Таунсенд (АҚШ) / Катержина Синякова (Чехия) – Сара Эррани (Италия) / Жасмин Паолини (Италия) – 6:4, 6:3.

АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өткен финалдық кездесу 1 сағат 15 минутқа созылды. Бұған дейін топтық кезеңде италиялық жұптан жеңілген Таунсенд пен Синякова шешуші матчта есесін қайтарды.

Бірінші сетте Эррани мен Паолини 4:2 есебімен алға шыққанымен, америкалық-чехиялық жұп қатарынан төрт геймді жеңіп, партияны өз пайдасына аяқтады.

Екінші сетте де италиялықтар алғашқы болып брейк жасап, 2:1 есебімен алға шықты. Алайда Таунсенд пен Синякова есепті теңестіріп, сегізінші геймде қарсыластарының сервисін тағы бір мәрте ұтып алды. Нәтижесінде кездесуді жеңіспен аяқтады.

Бұл Таунсендтің WTA қорытынды турниріндегі алғашқы чемпиондығы болды. Ал Синякова аталған жарыста екінші рет топ жарды. Ол бұған дейін 2021 жылы отандасы Барбора Крейчиковамен бірге жеңіске жеткен еді.

2024 жылы Таунсенд пен Синякова қорытынды турнирдің финалына шығып, Габриэла Дабровски мен Эрин Рутлиффке есе жіберген болатын. Ал 2025 жылы жартылай финалда жарыс жолынан шықты.

Биылғы жеңіс олардың жұп ретінде жеңіп алған тоғызыншы титулы болды.

2026 жылғы маусымда Таунсенд пен Синякова алты бірлескен трофей иеленді. Олар қорытынды турнирден бөлек, «Ролан Гаррос» пен АҚШ ашық чемпионатында, сондай-ақ Индиан-Уэллс, Майами және Мадридтегі WTA-1000 жарыстарында топ жарды.

Сонымен қатар Синякова жұптық сындағы титулдарының санын 40-қа жеткізді. Чехиялық теннисші рекордтық алтыншы рет маусымды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтады.

Осы көрсеткіш бойынша ол жылды бес рет рейтинг көшбасшысы ретінде аяқтаған әйгілі Мартина Навратилованың рекордын жаңартты.