«Тобыл» шабуылшысы Милованович: ««Партизаннан» жеңіске жетуге тырысамыз»

Бекарыс Әлімхан··
«Тобыл» ФК

«Тобыл» ФК

Қостанайлық «Тобылдың» шабуылшысы Урош Милованович УЕФА Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі сербиялық «Партизанға» қарсы алғашқы матч алдындағы ойымен бөлісті.

Сербиялық форвард қостанайлық команданың оң нәтижеге қол жеткізуге ниетті екенін атап өтті.

«Бізді өте мықты командамен ойын күтіп тұр. Бірақ біз өз жұмысымызға, бір-бірімізге сенеміз және бапкерлер штабына толықтай сенім артамыз. Берілген тапсырманы орындап, жеңіске жетуге тырысамыз. «Партизанға» қарсы ойнау әрдайым оңай емес. Бұл үлкен клуб, командаластарым менен ол туралы сұрады. Біз кімге қарсы ойнайтынымызды білеміз. Біздің міндет жанкүйерлер сенімін ақтау, ел намысын лайықты қорғау және жақсы нәтиже көрсету», – деді Милованович.

УЕФА Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі «Партизан» мен «Тобыл» арасындағы алғашқы матч 6-нан 7 тамызға қараған түні Белградта өтеді. Ойынның басталуы Қазақстан уақытымен 00:00-ге жоспарланған. Қарымта кездесу 13 тамыз күні Қостанайда өтеді.