Басты бет
·
Футбол

«Тобыл» Жаслан Жұмашевпен келісімшартты ұзартқанын ресми жариялады

Али Асетов··
«Тобыл» ФК

«Тобыл» ФК

Қостанайлық «Тобыл» футбол клубы жартылай қорғаушы Жаслан Жұмашевпен келісімшартты ұзартқанын хабарлады.

Клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 жастағы футболшы команда сапында 2027 жылдың соңына дейін өнер көрсетеді.

Қостанай футболының түлегі Жаслан Жұмашев «Тобылдың» негізгі құрамында 2020 жылдан бері ойнап келеді.

2026 жылғы маусымда жартылай қорғаушы барлық турнирді қосқанда 24 матч өткізіп, тоғыз гол соқты және екі нәтижелі пас берді.

Биыл Жұмашев Қазақстан ұлттық құрамасына алғаш рет шақырту алды. Наурыз айында ол FIFA Series турнирі аясында Намибияға қарсы өткен жолдастық кездесуде дебют жасады. Аталған матчта Қазақстан 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, «Тобыл» 2026 жылғы Қазақстан Премьер-лигасын жетінші орынмен аяқтады. Қостанайлық клуб 30 турда 41 ұпай жинады.