Тоқаев Қазақстанның дзюдодан жасөспірімдер құрамасын әлем чемпионатындағы тарихи нәтижесімен құттықтады

Фото: IJF
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің дзюдодан жасөспірімдер құрамасын Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатындағы аралас командалық турнирдегі жеңісімен құттықтады.
Жеке жарыста әлем чемпионы атанған Ғабит Расулхан, Фатима Сұпығалиева және Әділжан Жаудиновқа да жеке құттықтау жолданды. Мемлекет басшысы спортшыларға алдағы жарыстарда сәттілік пен жаңа жетістіктер тіледі.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жеке жарыстарын 10 медальмен аяқтады. Оның ішінде 3 алтын, 3 күміс және 4 қола жүлде бар. Алтын медальдарды 60 келіге дейінгі салмақта Ғабит Расулхан, 52 келіге дейінгі салмақта Фатима Сұпығалиева және 90 келіден жоғары салмақта Әділжан Жаудинов жеңіп алды.
Құрама тағы бір алтын жүлдені әлем чемпионатының соңғы күнінде иеленді. Аралас командалық турнирде қазақстандықтар Жапония мен Моңғолия құрамаларын жеңіп, финалда Бразилияны 4:3 есебімен ұтты.
Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын 11 медальмен аяқтап, кадеттер арасындағы әлем чемпионаттарында ел дзюдосы тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен телефон арқылы сөйлескен болатын. IJF басшысы Қазақстанды әлем чемпионатындағы нәтижесімен құттықтады. Ал Мемлекет басшысы халықаралық ұйымның Қазақстан дзюдо федерациясы және Туризм және спорт министрлігімен бірлескен жұмысын атап өтті.