Циньвэнь Рыбакинадан жеңілгеннен кейір пікір білдірді

Фото: Jimmie48
Қытайлық теннисші Чжэн Циньвэнь АҚШ ашық чемпионатының ширек финалында Қазақстан өкілі Елена Рыбакинадан жеңілгеніне қатысты пікір білдірді.
Үш сетке созылған тартыста қазақстандық спортшы жеңіске жетті. Рыбакина алғашқы партияда жеңіліп қалғанымен, кейін бастаманы өз қолына алып, кездесуді 3:6, 6:1, 6:4 есебімен аяқтады.
Матчтан кейін Циньвэнь шешуші сетте кездесудің барысын өзгертуге мүмкіндігі болғанын, алайда оны пайдалана алмағанын айтты. Сонымен қатар қытайлық теннисші биылғы US Open-дегі өнеріне жалпы көңілі толатынын жеткізді.
«Үшінші сетте мүмкіндіктерім болды, бірақ оларды пайдалана алмадым. Әрине, турнирді жеңіліспен аяқтау аздап өкінішті. Дегенмен биылғы US Open-дегі өнерімнен көптеген оң тұстарды таба аламын. Рыбакинаның екінші добында агрессивтірек ойнап, доп қабылдауда жақсырақ әрекет етуім керек еді. Ұзаққа созылған доп алмасуларда әдетте өзімді сенімдірек сезінемін және көбірек ұпай жинаймын. Бүгінгі кездесудің тағдырын санаулы ғана доп алмасу шешті», – деді Циньвэнь матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Осылайша, Рыбакина америкалық «Үлкен дулыға» турниріндегі чемпиондық атақ үшін күресін жалғастырады. Жартылай финалда оны АҚШ өкілі Кори Гауффпен кездесу күтіп тұр.
Циньвэньді жеңу Рыбакина үшін әлемдік рейтинг тұрғысынан да ерекше маңызды болды. US Open-2026 турнирінің жартылай финалына шыққан қазақстандық теннисші WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілетініне кепілдік берді.