UFC-дің бұрынғы чемпионы 43 секундта сенсациялық жеңіліске ұшырады

Фото: Getty Images
Америкалық файтер Колби Ковингтон Италияның Рим қаласында өткен Hype Fighting турнирінде отандасы, UFC жауынгері Рауль Росас кішіге күтпеген жерден есе жіберді.
Ұйымның бұрынғы уақытша чемпионы жеңіліп жатқанын түсіну үшін бір минут та қажет болмады.
Қазақстан уақытымен 4 қарашаға қараған түні өткен грэпплинг кездесуінің ережесі бойынша жеңіске жету үшін қарсыласты берілуге мәжбүрлеу қажет болды. Жекпе-жектің ұзақтығы 10 минутпен шектелді.
Алайда 22 жастағы Росасқа небәрі 43 секунд жеткілікті болды. Мексикалық спортшы бірден партердегі күреске көшіп, Ковингтонның арқасына шығып, тұншықтыру әдісімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, Росас UFC-де жеңіл салмақта өнер көрсетсе, 38 жастағы Ковингтон мансабының басым бөлігін жартылай орта салмақта өткізген.
Бастапқыда Ковингтонның қарсыласы Диллон Дэнис болуы керек еді. Алайда ол турнирге аз уақыт қалғанда жекпе-жектен бас тартты. Оның орнына шыққан Росас сенімді жеңіске жетті.
Ковингтонның келесі кездесуі 14 қарашаға жоспарланған. Ол Абу-Дабиде Real American Freestyle (RAF) турнирі аясында Хамзат Чимаевпен еркін күрестен белдеседі.
Римдегі жеңіліс Ковингтонның аралас жекпе-жектегі статистикасына әсер еткен жоқ. Оның кәсіби рекорды бұрынғыдай 17 жеңіс пен 5 жеңілістен тұрады.