Басты бет
·
Басқа спорт түрлері

Үндістан – Қазақстан: гандболдан Азия чемпионаты матчының тікелей трансляциясы

Бекарыс Әлімхан··
Фото: olympic.kz

Фото: olympic.kz

Қазақстанның гандболдан әйелдер құрамасы 24 қарашада 2026 жылғы Азия чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші кездесуін өткізеді. Ұлттық құрама Үндістан командасымен шеберлік байқасады.

В тобындағы матч Алматыдағы Олимпиадалық даярлау орталығында өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 15:00-де басталады.

Ойынды Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Сондай-ақ матчтың негізгі оқиғаларын Sport-hub.kz Telegram арнасынан бақылауға болады.

Қазақстан құрамасы өз алаңында өтіп жатқан Азия чемпионатын Аустралияға қарсы ірі жеңіспен бастады. 23 қарашадағы кездесу 37:18 есебімен аяқталды.

Марина Пикалова шәкірттері бірінші таймды 18:8 есебімен ұтып, үзілістен кейін басымдығын 19 допқа дейін жеткізді.

Осы жеңістің арқасында Қазақстан алғашқы екі ұпайын жинап, бірінші турдан кейін В тобында екінші орынға орналасты. Ал Өзбекстанды 43:11 есебімен ойсырата жеңген Оңтүстік Корея топ көшбасшысы атанды.

Үндістан құрамасы үшін бұл турнирдегі алғашқы кездесу болмақ.

Қазақстандық гандболшылар келесі матчын 25 қарашада Өзбекстанға қарсы өткізеді. Одан кейін Оңтүстік Корея құрамасымен кездеседі.

Еске салайық, әйелдер арасындағы гандболдан Азия чемпионаты 23 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Алматыда өтеді. Турнирге екі топқа бөлінген он ұлттық құрама қатысуда.

Жарыстың үздік төрт командасы 2027 жылы Мажарстанда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.

Үндістан – Қазақстан: гандболдан Азия чемпионаты матчының тікелей трансляциясы – sport-hub