Венгрия құрамасының ойыншысы Қазақстанға қарсы матч алдында денсаулығында мәселе болғанын айтты

Фото: Horváth Róbert Gábor
Венгрия құрамасының жартылай қорғаушысы Тамаш Сюч Қазақстанға қарсы өткен жолдастық кездесуде (3:1) тісінің ауруына қарамастан алаңға шыққанын мәлімдеді.
Қазақстан құрамасын жеңгеннен кейін венгриялық футболшы матчқа дейін өзін жайсыз сезінгенін жасырмады.
«Таңғы сағат төрт жарымда ояндым. Күні бойы тамақ та,су да іше алмадым. Тісім қатты ауырып, күні бойы мазамды алды. Ауырсыну өте күшті болды. Бірақ алаңға шыққан сәтте бәрі ұмытылып кетті. Ұлттық құрама матчын мұндай себеппен өткізіп жібере алмаймын деп шештім», – деді Сюч ойыннан кейін.
Еске салайық, Дебрецен қаласында өткен жолдастық кездесуде Қазақстан құрамасы есепті бірінші болып ашқан еді. Сергей Малый мергендік танытқанымен, кейін Венгрия сапынан Доминик Собослаи, Андраш Шефер және Раймунд Тот гол соғып, алаң иелеріне 3:1 есебімен жеңіс сыйлады.