Жаңа Зеландия бапкері Бельгияны жеңу міндет екенін айтты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Жаңа Зеландия құрамасының бас бапкері Даррен Бейзли Египеттен 1:3 есебімен жеңілген матчтан кейін өз пікірін білдірді.

Маман топтық кезеңнің соңғы турында Бельгия құрамасын жеңуді мақсат етіп отырғанын айтты.

«Бұл нәтиже көңіл көншітпейді. Бірінші таймда өте жақсы ойнадық. Допқа иелік етуде басымдық танытып, бірнеше қауіпті мүмкіндік жасадық. Екінші таймда да жаман ойнаған жоқпыз, бірақ қарқынымыз жетіспеді. Египет ойын екпінін күшейтті, ал біз бірінші таймдағы деңгейімізді қайталай алмадық. Соның салдарынан жеңіліп қалдық. Алда бізді тағы бір матч күтіп тұр және тарих жасауға мүмкіндік бар. Енді Бельгияны жеңуіміз қажет екенін жақсы түсінеміз», – деді Бейзли ФИФА-ның ресми сайтына берген сұхбатында.

Екі турдан кейін G тобында төрт ұпай жинаған Египет көш бастап тұр. Иран мен Бельгияның еншісінде екі ұпайдан болса, бір ұпайы бар Жаңа Зеландия соңғы орында келеді.

Топтық кезеңнің соңғы турында Египет Иранмен кездессе, Жаңа Зеландия Бельгиямен күш сынасады. Матчтар 27 маусым күні өтеді.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты 12 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтуде.