Жасмин Абрамян Азия чемпионаты U-19 турниріндегі өнерін аяқтады

Фото: boxingkazakhstan
Қазақстан құрамасының өкілі Жасмин Абрамян Джакартада (Индонезия) өтіп жатқан U-19 Азия чемпионатының жартылай финалына өте алмады.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында қазақстандық спортшы Үндістан өкілі Чанатпен кездесті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан жеңісті үндістандық боксшыға берді – 5:0. Осылайша, Абрамян турнирдегі өнерін аяқтады.
Бұған дейін U-19 Азия чемпионатының жартылай финалына Қазақстанның тағы бір өкілі – Ақнұр Тұрсынғали шыққан болатын. 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ол Тайвань спортшысы Ли-Чжун Линді төрешілердің бөлінген шешімімен (4:1) жеңіп, кем дегенде қола жүлдені қамтамасыз етті.
Жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты Джакартада 3–16 шілде аралығында өтуде. Жарысқа 26 елден 400-ден астам боксшы қатысуда, ал Қазақстан атынан турнирде 39 спортшы өнер көрсетіп жатыр.