Жібек Құламбаева Қытайдағы турнирдің жұптық сынында жеңісті жолын жалғастырды

Фото: Jimmie48
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан WTA 250 санатындағы турнирдің жұптық сынында финалға шығу үшін күреседі.
Ширек финалда отандасымыз Нидерланд өкілі Изабель Хаверлагпен бірге жарыстың бірінші жұбын — Мария Козырева мен Ұлыбритания теннисшісі Майя Ламсденді жеңді.
Кездесудің алғашқы партиясында қарсыластар 6:3 есебімен басым түсті. Алайда Құламбаева мен Хаверлаг екінші сетте дәл осындай есеппен жеңіске жетіп, таразы басын теңестірді. Шешуші чемпиондық тай-брейкте қазақстандық-нидерландиялық жұп 10:8 есебімен жеңісті жұлып алды. Матч 1 сағат 23 минутқа созылды.
Гуанчжоу (Қытай). WTA 250. Жұптық разряд. Әйелдер. Ширек финал
Козырева/Ламсден – Хаверлаг/Құламбаева – 6:3, 3:6, 8:10.
Еске салайық, Жібек Құламбаева мен Изабель Хаверлаг алғашқы айналымда да чемпиондық тай-брейкте жеңіске жеткен еді. Олар Қытай өкілдері Цюй Юйхань мен Чжан Жуйэньді 6:3, 4:6, 10:5 есебімен ұтқан болатын.