Жұрқамырза Шүкірбеков Пара Азия ойындарының чемпионы атанды

Фото: parateam.kz
Қазақстандық дзюдошы Жұрқамырза Шүкірбеков Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Пара Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Ол финалда ирандық Мохаммадреза Хейроллахзадені жеңді.
Қазақстандық спортшы J2 санатында 95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсті. Пара дзюдодан жарыстар Айти префектурасындағы жекпе-жек өнері залында өтті.
Жұрқамырза Шүкірбеков бұған дейін де Мохаммадреза Хейроллахзадемен халықаралық турнирдің финалында кездескен. 2026 жылғы мамырда Астанада өткен IBSA Гран-при жарысында қазақстандық дзюдошы «юко» бағасының арқасында жеңіске жетіп, алтын медаль иеленген еді.
2025 жылы Шүкірбеков Астанада өткен пара дзюдодан әлем чемпионатында топ жарды. Ол финалда түркиялық Ибрагим Болюкбашыны иппон әдісімен жеңді. Сонымен қатар қазақстандық спортшы Паралимпиада ойындарында да жүлдегер атанған. 2024 жылғы қыркүйекте Парижде өткен Паралимпиадада 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды.
Еске салайық, 2026 жылғы Пара Азия ойындары Жапонияда 18–24 қазан аралығында өтеді. Жарыстарды Айти префектурасы мен Нагоя қаласы қабылдап жатыр.