G-тобы: Бельгия, Мысыр, Иран, Жаңа Зеландия

Владимир Жарков ··
G-тобы: Бельгия, Мысыр, Иран, Жаңа Зеландия

SPORTHUB футболдан әлем чемпионатына қатысушыларды таныстыруды жалғастырады. Бүгінгі шолу G тобына арналды.

Бельгия құрамасы

ФИФА рейтингіндегі орны: 9

Әлем чемпионаттарындағы үздік нәтижесі: қола жүлдегер (2018)

Бас бапкері: Руди Гарсия (Франция)

Бельгия құрамасы футбол әлемінде үлкен құрметке ие. Бұл команда Еуропадағы ең мықты ұжымдардың бірі саналады. Оның сапында әр кезеңде жоғары деңгейдегі ойыншылар өнер көрсетті. Ал «қызыл сойқандардың» тарихындағы ең мықты буын 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында үшінші орынға дейін жетті.

Сол жұлдызды құрамның кейбір өкілдері 2026 жылғы мундиальға да барады. Олардың қатарында Тибо Куртуа, Тома Мёнье, Аксель Витсель, Кевин Де Брёйне және Ромелу Лукаку бар. Дегенмен бәрі де 30 жастан әлдеқашан асқан, ең үздік жылдары артта қалғаны анық. Оның үстіне соңғы уақытта Де Брёйне мен Лукаку алаңға шығудан гөрі жарақаттан емделумен көбірек әлек.

Сонымен қатар «қызыл сойқандар» сапында жас жұлдыздар да бар. Жартылай қорғаушылар Юри Тилеманс пен Алексис Салемакерс, шабуылшылар Жереми Доку мен Шарль Де Кетеларе – солардың қатарында. Дегенмен оларға құрметпен қарағанның өзінде, бұл буын өздерінің аға әріптестерінің шарықтау кезеңіндегі деңгейіне әлі жете қойған жоқ.

Соған қарамастан топ құрамын ескерсек, бельгиялықтарда плей-оффқа шығу жағынан үлкен мәселе туындамауы тиіс. Егер Руди Гарсия шәкірттері G тобын бірінші орынмен аяқтаса, 1/16 финалда өз квартетінде үшінші орын алған құрамалардың бірімен кездеседі. Яғни жеребе әзірге «қызыл сойқандарға» қолайлы болып тұр.

Дегенмен төрт жыл бұрын Бельгия Катардағы әлем чемпионатына бүкіл турнирдің фавориттерінің бірі ретінде барғанын ұмытпаған жөн. Бірақ 2022 жылғы мундиальда олар топтық кезеңнен де өте алмай қалды. Ал 62 жастағы француз маманы Руди Гарсияның бапкерлік мансабындағы ең үлкен жеңісі – 15 жыл бұрын «Лилльмен» Франция чемпионатын ұтуы.

Тағы бір айта кетер жайт: Бельгия құрамасы Солтүстік Америкадағы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасымен бір топта болды. Сол циклде біздің жігіттер өз алаңында «қызыл сойқандармен» тең ойнап, ұпай тартып алған еді.

Мысыр құрамасы

ФИФА рейтингіндегі орны: 29

Әлем чемпионаттарындағы үздік нәтижесі: топтық кезең (1934, 1990, 2018)

Бас бапкері: Хусам Хасан

Мысыр құрамасы дегенде ең алдымен Мұхамед Салах еске түседі. «Перғауындар» тарихындағы үздік сұрмерген әлі де ұлттық құраманың өтінімінде. 2026 жылғы әлем чемпионаты бұрынғы «Ливерпуль» шабуылшысы үшін екінші мундиаль болмақ.

Алайда Салах үшін алғашқы әлем чемпионаты сәтті өтті деу қиын. 2018 жылы Ресейде өткен турнирде Мо өз құрамасының екі голын да соқты. Бірақ Мысыр үш матчтың бәрінде жеңіліп, топтық кезеңнен кейін жарыспен қоштасты.

Жалпы мысырлықтар әлем чемпионатына үш рет қатысқанымен, әлі бірде-бір рет плей-оффқа шығып көрген жоқ. Тіпті мундиаль тарихында бірде-бір жеңісі де жоқ.

Бірақ 2026 жылғы әлем чемпионатында «перғауындардың» осы екі олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндігі бар. Топ фавориті түсінікті болғанымен, Мысыр екінші орынға таласа алады. Үшінші орынның өзі де олар үшін жақсы мүмкіндік болуы мүмкін.

Айта кетейік, Мысыр плей-оффқа ең жақын 1990 жылғы әлем чемпионатында болды. Италиядағы сол турнирде қазіргі бас бапкер Хусам Хасан да ойнаған. Ол Нидерланд, Ирландия және Англияға қарсы матчтарды толық өткізген.

Егер Мысыр 1/16 финалға шықса, бұл нәтижені тарихи табыс деп бағалауға болады. Ал аса күрделі емес топтан өте алмаса, мұндай сәтсіздікке ақтау табу қиын.

Иран құрамасы

ФИФА рейтингіндегі орны: 20

Әлем чемпионаттарындағы үздік нәтижесі: топтық кезең (1978, 1998, 2006, 2014, 2018, 2022)

Бас бапкері: Амир Галеноеи

Иран құрамасы әлем чемпионаттарына Египеттен екі есе көп қатысқан. Бірақ нәтиже ұқсас – плей-оффқа бірде-бір рет шыға алған жоқ. Дегенмен «перғауындардан» айырмашылығы, «Парсы ханзадалары» мундиальдың финалдық кезеңінде жеңіс дәмін татқан. Иранның әлем чемпионаттарында үш жеңісі бар. Соның алғашқысы 1998 жылы АҚШ құрамасына қарсы матчта тіркелгені символикалық мәнге ие.

Жергілікті маман Амир Галеноеи баптайтын команда Солтүстік Америкадағы турнир басталмай жатып-ақ ерекше назарда болады. Өкінішке қарай, бұл көбіне футболға қатысы жоқ себептерге байланысты.

Спорттан тыс факторлар Иран құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатына арналған соңғы өтініміне де әсер етті. Құрамда елдің ең мықты шабуылшыларының бірі Сердар Азмун жоқ. Бұл – ойыншыларының басым бөлігі ішкі чемпионаттан құралған команда үшін өте үлкен жоғалту.

«Парсы ханзадалары» әлем чемпионатында үлкен қысыммен ойнайды. Осы ауыр психологиялық жауапкершілікті қалай көтеретіні олардың турнирдегі жүрісіне тікелей әсер етеді. Топтан шығуға мүмкіндік бар. Ал плей-оффқа жету үшін тек шеберлік емес, сәттілік те қажет.

Иран 2026 жылғы әлем чемпионатында үлкен табысқа жетуі де, керісінше, тез «сөніп», топта соңғы орын алып қалуы да мүмкін.

Жаңа Зеландия құрамасы

ФИФА рейтингіндегі орны: 85

Әлем чемпионаттарындағы үздік нәтижесі: топтық кезең (1982, 2010)

Бас бапкері: Даррен Бейзли (Англия)

G тобындағы тағы бір құрама әлем чемпионатының финалдық кезеңінде ойнау тәжірибесіне ие. Бірақ Жаңа Зеландия да плей-оффтың не екенін әлі сезініп көрген жоқ.

Египет секілді жаңа зеландиялықтар да әлем чемпионатында бірде-бір рет жеңіске жетпеген. Алайда соңғы қатысқан мундиалінде, 2010 жылы, олар топтық кезеңде бірде-бір матчта жеңілмеді.

Оңтүстік Африка Республикасында өткен сол турнирде «ақтар» Парагвай, Словакия және Италия құрамаларымен бір топқа түсті. Үшеуімен де тең ойнады. Нәтижесінде топта үшінші орын алды әрі сол кездегі әлем чемпионы Италиядан жоғары тұрды.

Австралия Азия футболына ауысқаннан кейін Жаңа Зеландия құрамасына Океания аймағында нақты бәсекелес қалмады. Олар 2024 жылғы ОФК Ұлттар кубогын оп-оңай жеңіп алды. Турнир бойы қақпасына бір ғана гол жіберді.

Алайда «ауылдың бірінші жігіті» мәртебесі мен көпшілікке аса танымал емес ағылшын бапкері Даррен Бейзлидің жетекшілігі «ақтарға» әлемнің ең мықты құрамалары арасында үлкен мақсат қоюға мүмкіндік бере қоймайды.

Құрамында салыстырмалы түрде бір ғана жұлдыз бар. Ол – «Ноттингем Форест» шабуылшысы Крис Вуд. Бірақ бір ғана ойыншымен плей-оффқа шығудың өзі қиын. Оның үстіне бұл қуатты форвард 34 жасқа келді және өткен клубтық маусымның көп бөлігін жарақатына байланысты өткізіп алды.

Жаңа Зеландия – 2026 жылғы әлем чемпионатының басты аутсайдерлерінің бірі. Топтық кезеңдегі бір жеңістің өзі «ақтар» үшін ерлік саналады. Ал 1/16 финалға шығуы нағыз ғажайып болмақ.

G тобындағы матчтар кестесі

Бельгия – Египет 16 маусым, 00:00

Иран – Жаңа Зеландия 16 маусым, 06:00

Бельгия – Иран 22 маусым, 00:00

Жаңа Зеландия – Египет 22 маусым, 06:00

Жаңа Зеландия – Бельгия 27 маусым, 08:00

Египет – Иран 27 маусым, 08:00

*Қазақстан уақытымен